Байқа, достым.
Темір тұлпар мінген досқа айтарым:
Ол ажалдың жүйрігі ғой байқағың.
Бірақ, бірақ бір Алланың қолында,
Шыққан үйге аман-есен қайтарың.
Сақтаң, досым, сақтанғанды сақтайды,
Білмегенге келіп қалар тап қайғы.
Алла емес әкесіне сенгендер,
Абырой - деп белдігін де тақпайды.
Гай тоқтатса шірене кеп тоқтайды,
Сөйлеуге де зауқы тіпті соқпайды.
Ұялысың гай алады ұялып,
Әржағынан әкесі оның боқтайды.
Шара бар ма ақшасы көп тажалға,
Дәті бармас гай қағазын жазарға.
Кеше ғана бұл жұмысқа тұрған ол,
Қайта құл боп бармау үшін базарға.
Босатады "кешірші" деп баласын,
Тұрған әке итермелеп ажалға.
Сақтаң, досым, жар ғой ол да тік тұрған,
Одан құлап кім өз сырын ұқтырған?
Сенің сұңқар болғандығың көк тиын,
Темір тұлпар сан тағдырды жұттырған.
Мысал айтып не қылайын небір мен,
Көздер қанша өкініштен егілген.
Мен тұратын қарт Торғайдың жерінде,
Бір жанұя жолға шықты темірмен.
Жолда бәрі аударылып мерт болды,
Енді жатыр топырақ боп көмілген.
Жолға шықсаң есің шықпай абайла,
Ажал сенің байлығыңа қарай ма.
Болам десе аяқ асты қателік,
Ал қателік ақшаңды кеп санай ма?
Айтшы, досым, шыныменен солай ма,
Әр көлікті әрбір тағдыр деп ойла.
Өзің үшін үйде отқан алаңдап,
Ақ жаулықты анаңызға оңай ма?
Асықпай жүр, ақылға сал қалайда,
Сенен асқан "шумахер" көп маңайда.
Айрылмашы тағдыр берген ажардан,
Аман қайтшы сапар дейтін базардан.
Құтылсаң да пара беріп гайдан сен,
Құтылмассың пара беріп ажалдан.
Кейбір жандар жүргізеді мас болып,
Кеткен қалай жүректері тас болып?
Сол ісіне өкінгендер қаншама,
Адам соғып жанарларын жас көміп.
Сорақысы осы болар бәрінен,
Жүрмесең де өз еліңнің заңымен.
Адам құны өтелмейді ақшамен,
Қанның өзі өтелмейді қанымен.
Асықпай жүр өлмейсің сен, шыдайсың,
Қате бассаң қадамыңды құлайсың.
Көлігіңмен зырлап емес ақырын,
Жүрсеңдағы біреулерге ұнайсың.
Болсадағы ой санаңда жел мейлі,
Асыққанға алтын алқа бермейді.
Қатты жүр - деп азғырғанда достарың,
Намысыңды жібергіңде келмейді.
Байқаусыздан жаза басып сотталсаң,
Іздеп сені ешбіреуі келмейді.
Тәтті күнің айналмасын елеске,
Асыққан ол - шайтан ісі емес пе.
Көлігіңе мінген кезде әйтеуір,
Отбасыңды бір алып қой сен еске.
Торғайлық ақын - Саят Əбенов